Қасым-Жомарт Тоқаевқа отын-энергетика кешенін дамытудың биылғы он айдағы негізгі нәтижелері, жылыту маусымы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы есеп берілді, жылыту маусымы еліміздің барлық аймағында қалыпты өтіп жатқаны баяндалды
Электр станцияларын жөндеуге арналған қаржы 384 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Негізгі жабдық пен желілер жөнделді, жылу электр орталықтарының тозу деңгейі төмендеді. Сондай-ақ қатерлі «қызыл аймақтағы» станциялардың саны беске дейін қысқарғандығы, электр энергиясын өндіру 10 айда 2,3 пайызға артып, 102,4 миллиард кВт/сағатқа жеткендігін туралы ақпарат берілді.
Ерлан Ақкенженов Мемлекет басшысына мұнай өңдеу көлемі 4,7 пайызға өскенін және жанар-жағармайдың жалпы қоры 1,2 миллион тоннаға дейін көбейгенін айтты.
Отандық битум өндірісі (1,1 миллион тонна) елдің ішкі сұранысын толықтай өтеді. Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 миллион тоннаға дейін кеңейту және Атырау облысында жаңа мұнай химиясы кешенін салу жобалары қолға алынды. Жыл соңына дейін халықты газбен қамтамасыз ету деңгейі 64,5 пайызға жетіп, соның нәтижесінде 13,2 миллион азамат көгілдір отынның игілігін көрмек.






